Ақтауда жуырда темір-бетон бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт ашылады. Қазір тесттік режимде жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен қала әкімі Ербол Ізбергенов танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов темір-бетон бұйымдарын шығаратын «Cement beton M» ЖШС зауытына барды. Мұнда өнімдер Германияда өндірілетін жабдықтармен және неміс технологиясымен (MAXTRUDER – KUBAT – STETTER - DEMAG) дайындалады.
- Жаңа технологияларды және еуропалық жабдықты пайдалану арқасында өнімдердің жоғары сапасына қол жеткіздік. Бізде құрылыс материалдарын сынау саласында мамандандырылған жеке құрылыс зертханасы бар. Ал тауар өндірісінде сертификаты бар шикізат пайдаланылады, - деді зауыт директоры Рустам Сисенбаев.
Зауыттың аумағы шамамен - 3,5 мың гектар. Қазіргі кезде кәріз құдықтарын және электр желілері үшін бетон бағаналарын шығару жоспарлануда. Айта кетейік, кәсіпорын 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың ішінде тоғыз баланың әкесі - оператор Асылбек Дюсупов бар.
- Мен жұмысымды жақсы көремін. Бізде толық автоматты жүйе, бұл адамдар жіберуі мүмкін қателіктердің ықтималдығын азайтады. Оның үстіне жалақым да жақсы. Басшылық әлеуметтік қолдау көрсетеді, - деді Асылбек Дюсупов.
Айта кетейік, зауытты наурыз айында ашу жоспарланып отыр, ол кезде қосымша 30 адам жұмыспен қамтылады.
- Зауыт қаланы сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз ете алатынына сенімдімін. Бұл, өз кезегінде, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, - деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.